Мен шет ауылда тұрамын, аудан орталығы алыста. Мен секілділерге зейнетақы қызметтерін қолжетімді ету үшін Қорда қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

 

Бүгінде еліміздің шалғай аудандарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының «Мобильдік кеңсе» деп аталатын жобасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба шалғайда орналасқан елдімекендер мен бөлімшелері жоқ аудандардың тұрғындарын зейнетақы қызметтерімен толыққанды қамту мақсатында қолға алынған. Соған сәйкес Қор филиалдарының мамандары халықтың әр түрлі әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейді. Олардың арасында қандай да бір себептермен кеңсеге келе алмайтын адамдар да бар. Жоба аясында қызмет көрсету үшін шағын автобус пайдаланылады. Ол жерсеріктік байланыс құралдары және басқа да қажетті заманауи техникалармен жабдықталған. Автобустың салонында операторларға арналған екі автоматтандырылған жұмыс орны мен келушілерге арналған екі орын бар. Кезек күтушілер үшін тағы үш адамдық орындық қойылған. Бұл көлікті барлық қызметтерді онлайн тәртібінде көрсететін өзіндік бір жылжымалы дербес қызмет көрсету орталығы деп атауға болады. «Мобильдік кеңсе» қызметкерлері бір сапар барысында орта есеппен 60-қа жуық салымшыға қызмет көрсетелді. Қызмет түрлерін атап айтар болсақ: ерікті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашу, шоттың жай-күйі туралы хабарлау тәсілін өзгерту, шоттан үзінді көшірме беру, жеке деректемелерге өзгерістер енгізу, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару жөнінде өтініш қабылдау секілді қызметтер.   

 

«Мобильдік кеңсенің» жолға шығуы арнайы жоспар  бойынша жүзеге асырылады. Оның жүру бағыттары жергілікті әкімдікпен алдын ала келісіледі және тұрғындар оның келу уақытын алдын ала біліп отырады. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру таратылады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органға хабарласып, елді мекеніңізді жоспарға енгізу жөнінде өтініш беруіңізге де болады. Әзірге үш «Мобильдік кеңсе» Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында жұмыс істеп жатыр. Биыл жыл соңына дейін тағы 10 облыс қамтылатын болады.

 

Одан басқа шалғай елдімекендерді зейнетақы қызметтерімен қамту мақсатында «БЖЗҚ» АҚ пен «Қазпошта» АҚ бірлескен жобаны іске қосты. Соған сәйкес зейнетақы қызметтері «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы көрсетіледі.  

 

Осылайша экономикалық тұрғыдан белсенді халқының саны 2 мыңнан асатын 94 елдімекеннің тұрғындары зейнетақы қызметтерін ұлттық пошта байланысы операторы арқылы алуға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, бұл ауылдар мен кенттердің тұрғындары Қазпошта бөлімшелерінде мынадай қызметтерді алады:

  • салымшының (алушының) қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің нөмірі, телефон нөмірі, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту/толықтыру туралы өтініш беру;
  • хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ электрондық форматтағы қызметтеріне қол жеткізу) туралы келісімге қол қою.

 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар Қор қызметтерін қалай алады?

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын, оның ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарды зейнетақы қызметтерімен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Осы мәселені шешу мақсатында «Мобильдік агент» жобасы іске қосылған. Соның аясында Қор қызметкерлері қандай да бір себеппен, бірінші кезекте денсаулығына байланысты БЖЗҚ кеңсесіне келе алмайтын салымшылардың үйіне өздері барып қызмет көрсетеді.    

 

Бүгінде аталмыш жоба Қордың барлық 18 филиалында жүзеге асырылады. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандар Қор қызметкерлерін үйге шақыру үшін enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» - «Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін электрондық өтініш беру» бөлімі арқылы немесе Байланыс орталығының 1418 тегін телефон нөміріне хабарласып, өтініш бере алады. Бұдан кейін «БЖЗҚ» АҚ қызметкері өтініш берушіге хабарласып, кездесу уақытын белгілейді.

 

«Мобильдік агент», яғни Қордың маманы барлық керекті құралдармен жабдықталған. Сапарға шыққанда өзімен бірге ноутбук, құжаттарды сканерлейтін әрі басып шығаратын принтер және 4G-модемі бар құрылғыны алып жүреді. Солардың көмегімен салымшыға қажет құжаттар лезде дайындалады.

 

Қауіпсіздікті сақтау мақсатында Қор қызметкерлері салымшыларға алдын ала телефон шалып, келу уақытын хабарлап қояды. Олардың әрқайсысында қызметтік куәлігі бар. Егер сонда да күмәнданатын болсаңыз, Қордың байланыс орталығына хабарласып, маманның аты-жөнін нақтылауыңызға болады.

 

Жұмыс беруші қандай уақытта жұмыс берушісі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті?

 

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленген. Бұл жарналарды жұмыс берушілер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейді.

 

Еңбек жағдайлары зиянды кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген Тізбеде көрсетілген. Егер, еңбек өнімділігі жақсарып, денсаулыққа зиянды жағдайлар жойылатын болса және ол өндірістік нысандарды аттестаттау нәтижесімен расталса, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 984 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларының (Зейнетақы қағидалары) 10 тармағына сәйкес МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) бекітілген. Ол «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында көзделген құқықтарды, міндеттер мен жауапкершілікті, сондай-ақ БЖЗҚ-ның, МКЗЖ аударылатын жеке тұлғаның (МКЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерiн алушының) және агенттің арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктерін белгілейді.

 

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары табыстар алынған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді. Арнайы салық режимін қолданатын шаруашылық жүргізуші субъектілер бұл жарналарды Қорға еліміздің салық заңнамасында көрсетілген тәртіпте аударады. 

 

Мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының толық және уақытылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

 

Мен тұңғыш рет жұмысқа орналасайын деп жатырмын. Жұмыс берушім зейнетақы жарналарын аудару үшін Қорға барып, зейнетақы шотын ашудың керегі жоқтығын айтты. Шынымен солай ма? Мүмкін менің жұмыс берушім жарналарды аудырғысы келмейтін шығар?

 

Сіздің жұмыс берушіңіз дұрыс айтады. 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшін Қор кеңсесіне келіп өтініш берудің қажеті жоқ. Енді алғашқы жарна келіп түскен кезде зейнетақы шоты Қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлға жарна аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша сәйкестендіріледі. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері бойынша қажетті мәліметтерді Қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алатын болады. Сол үшін Сізге уайымдаудың қажеті жоқ. Алайда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қор кеңсесіне келу керек. Ал ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын Қор кеңсесіне келгенде немесе үйде отырып-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен Қор сайты арқылы ашуға болады.

 

Мен білім саласының ардагерімін. Жалақым жоғары болған емес. Көп ұзамай зейнеткерлікке шығамын. Болашақ зейнетақымның болжамды мөлшерін білуге бола ма? 

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында инновациялық қызмет іске қосылған. Соның көмегімен әрбір салымшы өзінің дербес зейнетақы жоспарын Қордың enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» - «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде жүзеге асыра алады. 

 

Қор сайтында екі зейнетақы калькуляторы орналастырылған.  Оның бірі – «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» деп аталады. Ол таяу жылдары зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүрген азаматтарға арналған. Сол арқылы ай сайын берілетін зейнетақының болжамды мөлшерін анықтауға болады.

 

Екіншісі – «Болжамдық зейнетақы калькуляторы». Сол арқылы зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтар да, бүгінгі жас мамандар да болашақта алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептей алады. Сонымен қатар бұл калькулятор зейнетақының қандай төлемдерден құралатындығын, табыстылық пен инфляция өзгерген жағдайда оның болжамды көлемінің қандай болатындығын көрсетіп береді.

 

Таяуда enpf.kz сайтының «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде «Жинақтарды өмірді сақтандыру бойынша компанияға аудару» деп аталатын жаңа қызмет іске қосылды. Сол арқылы өмірді сақтандыру бойынша компаниямен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін шоттағы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті сомасын есептеуге болады. Болжамды калькуляторға болашақ зейнетақыны есептеу үшін: туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, жинақтардың ағымдағы сомасы және айлық жалақы мөлшері секілді барлық қажетті деректерді енгізу қажет. Содан кейін «Есептеу» түймешігін басамыз.

 

Бір айта кететін жәйт, егер болжамды калькуляторды сайттың Жеке кабинеті арқылы ашатын болсаңыз, онда нысандар автоматты түрде толтырылады. Сөйтіп, «Есептеу» түймешігін басу арқылы анағұрлым дәл көрсеткіштерге қол жеткізуге болады.

 

Салымшы егер қаласа Қордың кез келген бөлімшесіне жүгіне алады. Бұл ретте жеке басты куәландыратын құжат керек. Қорда өткен жылдан бері дербес кеңес беру қызметі жүзеге асырылып келеді. Біздің мамандар болашақ зейнетақыны қалай есептеуді және оның мөлшерін арттыру жолдарын түсіндіреді.