Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шотына есептелген таза инвестициялық табыс көлемі 154,9 млрд теңгені құрады.

 

Өткен 12 ай ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 10,7 пайызға жетсе, бұл кезеңде инфляция деңгейі 4,9 пайызды көрсетті. Осылайша жылдық мерзімде зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан 5,8 пайыздық тармаққа жоғары.

 

Әдетте нарықтық бағалау барысында зейнетақы активтерінің портфелінде бір қаржы құралы табыс әкелсе, екіншісі шығын әкелетіні белгілі. Бұл жалпы әлемдік құбылыс. Дегенмен БЖЗҚ құрылғаннан бері оның зейнетақы активтеріне есептелген қорытынды инвестициялық табыс оң сипатқа ие. Мысалы, 2015 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта жинақталған оң сипаттағы шынайы табыстылық (жинақталған инфляцияны шегергенде) 8,43 пайызды құрады.

 

Зейнетақы жинақтарының шынайы табыстылығы 2018 жылы 5,97 пайызды, (бұл ретте жалпы табыстылық 11,27%, ал инфляция деңгейі 5,3%) және 2014 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде жинақталған шынайы табыстылық 9,93 пайызды (бұл ретте жалпы табыстылық 59,38%, ал инфляция  49,45%) құрады.

 

Инвестициялық табыс салымшылар мен алушылардың шоттарына күн сайын есептеледі және оның көлемі шоттағы жинақ ақшаның сомасына, зейнетақы жарналарының мөлшері мен аударылу жиілігіне байланысты.

 

Инвестициялық табысты есептеу шартты зейнетақы бірлігінің (ШЗБ) құнына байланысты. Әрбір жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары теңгемен және шартты зейнетақы бірлігі санымен есепке алынады. Зейнетақы шотына түскен әрбір зейнетақы жарнасының сомасын Қордағы шартты зейнетақы бірлігіне бөлу арқылы ШЗБ саны есептеп шығарылады. Мысалы, Сіздің жеке зейнетақы шотыңызға 10 000 теңге көлемінде зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. 2019 жылдың 23 мамырына қарай ШЗБ құны – 760,5 теңге дейтін болсақ, Сіздің шотыңызға есептелетін ШЗБ саны 13,2 бірлік болады (10 000 теңге/ 760,5 теңге).

 

2019 жылдың 24 мамырындағы жағдай бойынша ШЗБ құны 762 теңге болды делік. Бұл ретте шотқа есептелген инвестициялық табыс ескерілді. Енді осы күнгі ШЗБ санын есептеп шығарайық. Сіздің шотыңызға есептелген ШЗБ саны ШЗБ-ның ағымдағы құны негізінде былайша қайта бағаланады: 13,2 ШЗБ * 762 теңге = 10 058 теңге. Осылайша Сіздің зейнетақы жинақтарыңыз 2019 жылдың 24 мамырына қарай 10 058 теңге болады. Бұл жерде зейнетақы жинақтары инвестициялық табыстан (58 теңге) және есептелген жарналардан (10 000 теңге) құралатындығын айта кеткен жөн.  

  

Сонымен зейнетақы жинақтары инвестициялық табысты есептеуге байланысты көбейді. Соның арқасында ШЗБ құны 1,5 теңгеге артты (762 теңге – 760,5 теңге).

 

ШЗБ құнын Қордың www.enpf.kz сайтының басты бетінен күн сайын көруге болады. Зейнетақы жинақтарының көлемі жарналардың мөлшері мен тұрақты аударылуына және инвестициялық табыс сомасына тәуелді. Сондықтан жарналарды жеке зейнетақы шотына уақытылы және толық көлемде аудару өте маңызды.   

  

БЖЗҚ – Қазақстан Республикасы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық легінің бірыңғай әкімшісі және операторы. Қордың басты мақсаты – Қазақстан азаматтары БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болуы үшін оларға барлық қажетті жағдайды жасау. Бұл үшін зейнетақы қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігі одан әрі арттырылып,  зейнетақы активтерінің есебі шынайы жүргізіледі, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін арттыруға көмек көрсетіледі.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

 

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz